2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасында Қоғамдық кеңестер өз жұмысын бастады, Атырау қаласында Кеңес өз жұмысын 2016 жылдың ақпан айынан бастап бастады. Оның қызметі «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі, оның мақсаты – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша пікірін білдіру.
Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығына ие, ол келесі мақсаттарда жүргізіледі:
-
мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінің тиімділігін, ашықтығын және айқындылығын арттыру;
-
қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру;
-
азаматтардың мемлекет пен оның органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына деген сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу және шешу;
-
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес процесіне халықты тарту.
Қоғамдық кеңестер өз қызметін қоғамдық бақылаудың төрт нысаны бойынша жүзеге асырады:
-
Қоғамдық мониторинг – бұл мемлекеттік органдардың қызметін қоғамдық бақылау субъектілерінің бақылауы болып табылатын қоғамдық бақылау рәсімі.
-
Қоғамдық тыңдаулар – бұл мемлекеттік органдардың шешімдерінің қоғамдық мүдделерге сәйкестігін жария түрде талқылау үшін жиналыс өткізу арқылы жүзеге асырылатын қоғамдық бақылау рәсімі.
-
Қоғамдық сараптама – бұл қоғамдық бақылау субъектілерінің арнайы білімдері мен (немесе) тәжірибелерін пайдалану арқылы өмір сүруге және азаматтардың денсаулығына қолайлы ортаны сақтау, сондай-ақ жеке тұлғалардың, елді мекендердің және өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін факторларды болдырмау мәселелеріне қатысты қоғамдық мүдделердің сақталуын зерттеу, талдау және бағалау рәсімі.
-
Мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау – бұл мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының қызметінің нәтижелерін Қоғамдық кеңестің отырысында жария талқылау болып табылатын қоғамдық бақылау рәсімі.
Атырау қаласының Қоғамдық кеңесі осы бетті Атырау қаласы тұрғындарын Кеңестің қызметі, оның жұмыс жоспарлары мен нәтижелері, қаламыздың және тұрғындардың өзекті мәселелері туралы ақпараттандыру мақсатында жүргізеді.
Бұл жерде Сіз Атырау қаласының дамуына қатысты қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша өз өтініштеріңізді, шағымдарыңызды, ұсыныстарыңызды және пікірлеріңізді орналастыра аласыз.
Қоғамдық кеңестің ағымдағы жұмысы, жоспарлары, құрамының сапасы, мемлекеттік органдардың есептері мен әзірленген ұсыныстар туралы толық ақпаратпен atyraukenes.kz сайтынан танысуға болады.